Ұлы Отан соғысындағы ұшақ

Бәрімізге мәлім, Ұлы Отан соғысы кезінде Ил-2 ұшағын қазақтың данқты батырлары Талғат Бигелдинов пен Нүркен Әбдіров тізгіндеп, ерліктің талай үлгісін көрсетті. Тіпті Талғат ұшқан Ил-2 ұшағы оны көп рет ажал құшағынан құтқарды. Ал онымен Нүркен Әбдіров із кескен жауды іліп, қалың қаскөйді «қоғадай жапырған» деседі.
Міне, ел білетін осы ұшақты запастағы полковник Халжан Омаров ағаштан ойып, жобасын хас шеберлікпен жасапты. Ағаның бұл ісіне тәнті болдық. Өзімен жолығысып, біраз жайтқа қанық болдық.

Халжан аға, ұшақ макеттерін жасаумен қашаннан бері айналысасыз?

– Біздің балалық шағымызда «ұшқыш боламын», «ғарышкер боламын» деп армандайтын балалар көп болды. Солардың қатарында мен де бар едім. Шамамен 5 сынып оқып жүргенде қазақ әдебиеті пәні бойынша ұшқыш Талғат Бигелдинов туралы тақырыпта сабақ өткізілген болатын. Сабақтан әсер алғаным соншалықты, үйге келгеннен кейін құрал-сайманды алып, сол кездегі қолымнан келген бар өнерімді салып, ағаштан ұшаққа ұқсатып ұшақ жасап, ертеңінде мектепке алып келгенім әлі есімде. Мектеп қабырғасында ұйымдастырылған қолөнершілер үйірмесінде де ұшақ жасауды көбірек ұнататынмын. Әскери ұшақтардың макеттерін қолдан жасауға 1997 жылы әскери қызметке офицерлік лауазымдарда қызмет етуге шақырылған кезден үлкен назар бөле бастадым. Жасаған ұшақтарды көбінесе балалар үйіне, содан соң мектептер мен балабақшаларға және туысхан інілерімді ынталандыру үшін табыстайтынмын. Соның ықпалы болса керек, бүгінгі таңда бірқатар інілерім ҚР ӘҚК Әскери институтын тәмамдап, әскери ұшқыш, әскери инженер болып Қарулы Күштеріміздің қатарында қызмет етіп жүр.

   – Жаңа өзіңіз жас кезіңізде ұшқыш болуды армандағаныңызды айтып өттіңіз. Сол арманға қол созып, арнайы әскери оқу орнына түсе алдыңыз ба?

– Жоқ. Мен Мәскеу көлік инженерлері институтының «Көпірлер мен тоннелдер салу» факультетін аяқтағанмын. Институтты бітіргеннен кейін Байкал-Амур магистралінің құрылысында, Ташкент метросалу құрылысында жұмыс істедім.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, өз төл әскерін құрып, қорғаныс саласын нығайтып жатқанда, 1997 жылы қазан айында ҚР ҚК ӘҚК-нің Шымкент қаласындағы авиабазасына әскери қызметке шақырылдым.

   – Ұшақ жасаудағы мақсатыңыз қандай және бұған дейін қандай ұшақтардың макеттерін жасадыңыз? Сізге қолғабыс жасайтын көмекшіңіз бар ма?

– 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыста еліміздің біртұтастығы мен оның тәуелсіздігін қорғауда Отанымыздың абзал ұлдары мен қыздары Як, Ла, МиГ, Ил, Пе және тағы басқа ұшақтарымен бірге, Кеңестер Одағына Канададан жеткізілген ағылшындардың Харрикейн ұшағымен де қантөгіс шайқастарға қатысқан. Екінші дүниежүзілік соғыстың отын тұтатқан герман фашизмін батыр ата-бабаларымыз қандай әскери техникамен соғысып жеңгенін жас ұрпақ біле жүрсін және оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде қосқан кішігірім үлесім болсын деп көбінесе Як, сонан соң Ил, Харрикейн ұшақтарының макеттерін жасап, бірқатар мекемелерге, адамдарға табыстағанмын.

    Әрдайым бұндай жұмыстардағы менің сенімді көмекшім – ұлым Шыңғысхан.

– Ил-2 ұшағының макетін жасауға не түрткі болды және бұл іске қашан кірістіңіз?

   – Биыл 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 77 жыл толады. Сұрапыл соғыс 1418 күнге созылды. Қан төгіс майданға Қазақстаннан 1 млн 200 мыңнан астам адам аттанды. Олардың тең жартысы қан майданнан елге қайтып оралған жоқ. Отан үшін от кешкен аға буын, батыр ата-бабаларымыздың қайталанбас ерліктерін, есімдерін Ұлы Жеңіс мерекесі алдында жас ұрпаққа қайта жеткізуді ниет етіп, Ил-2 ұшағының макетін жасауды ұлым екеуміз 2019 жылдың басында жоспарлап едік. Түпкі мақсатымыз жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа баулуға өз үлесімізді қосу еді.

   Ил-2 ұшағын таңдағанымыз халқымыздың біртуар батыр ұлдары Нүркен Әбдіров пен Талғат Бигелдиновтың соғыстағы ерліктері себеп болды. Нүркен Әбдіров 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Орынбордағы Чкалов әскери-авиациялық ұшқыштар мектебін бітіріп, 1942 жылдың 28 қазанынан бастап Оңтүстік-Батыс майданында шайқасқа кіріседі. Бары-жоғы бір жарым айда 16 жауынгелік тапсырманы орындауға аттанып, жаудың 12 танкісін, оқ-дәрі артылған 28 автокөлігі мен 18 атарбасын, жанармай тасымалдаған пойызын жояды. 1942 жылғы 19 желтоқсанда жауды шабуылдау кезінде отқа оранған Ил-2 ұшағын жау танкілерінің легіне қарай бағыттап, атқыш-штурман Александр Комиссаров екеуі ерлікпен қаза табады. 1943 жылғы 31 наурызда соғыстағы жанқиярлық ерлігі үшін Кеңестер Одағының батыры атағы берілген.

   Батыр бабамыз Талғат Бигелдинов 1942 жылы Орынбордағы Чкалов әскери-авиациялық ұшқыштар мектебін бітіріп, 1943 жылдың қаңтарынан шайқасқа кіріседі. 305 рет жауынгерлік тапсырманы орындап, жаудың әскери техникаларын, фортификациялық құрылыстарын, жаяу әскерлерін жойып, әуе шайқасында 7 әскери ұшағын атып құлатқан. Шайқастағы жанқиярлық ерлігі, жылдам шешім қабылдау қабілеті, айбаттылығы үшін Екі мәрте Кеңестер Одағының атағы берілген. Халқымыздың абзал ұлдары сол кезде 23 жаста ғана болған.

   Аға буын батыр ағалар мен жас буынның ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру Ил-2 ұшағының макетін жасауға түрткі болды.

     – Мерейлі мереке алдында оқырмандарға айтар тілегіңіз..

– Қазақ еліне, барлық қазақстандықтарға Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын, денсаулықтарыңыз мықты болсын деймін. Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын! Қазақстан жасасын!

                                          

       Сұхбаттасқан Рима ӘБЕУОВА



КЕРЕК ДЕРЕК

 Ил-2

   Тарихта ең көп шығарылған соғыс ұшағы. Жалпы саны – 36 мың. Кеңес әскерінде Ил-2-ге «бүкір» (фюзеляжының сұлбасына байланысты) атауы берілген. Ал ұшақты құрастырушылар «ұшатын танк» деп атаған. Оның маневр жасау қиындығы мен қалқанының берік болуына байланысты неміс ұшқыштары оны Betonflugzeug – «бетонды ұшақ» немесе Zementbomber «цементтік бомбылаушы» деп атаған.  

   Ұшақ алғаш рет аспанға 1939 жылы 20 желтоқсан күні шарықтаған. Ил-2-ні алғаш рет (1941 ж. ақпан) сериялы түрде Воронеж қаласының №18 зауыты шығара бастаған. Сонымен қатар ұшақ Куйбышев және Мәскеу қалаларында шығарылған. Аз уақыт аралығында Ленинград және Төменгі Тагил қалаларында құрастырылған. Ұшақ өндірісі 1945 жылы аяқталды.

   Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағы әскерінің негізгі ұрыс ұшақтары қызметін атқарған. КСРО Әскери әуе күштері және Әскери теңіз флотында, Болгария, Чехословакия, Польша, Монғолия, Югославия Әуе күштерінде пайдаланылды. Ил-2 1954 жылы эксплуатациядан шығарылды. Бірақ Ил-2-нің түбегейлі модификациясы болған Ил-10 ұшақтары 1962 жылы ғана істен шығарылды.

Ил-2 шабуылдаушы (штурмовик) қызметін атқарған. Жердегі және судағы нысандарды жоюға арналған. Негізгі тактикасы: 400-1000 метрлік биіктіктен шабуыл жасау. Сонымен қатар 10-50 метрлік биіктіктен тіке шабуылда кең таралған. Жаудың тірі күші мен техникасын жоюда жоғары көрсеткіштерге жеткен. 1943 жылдан бастап танктерге қарсы арнайы снарядтардың пайда болуы Ил-2 тиімділігін арттыра түсті. 1941-1945 жылдар аралығында Кеңес әскері 23,6 мың Ил-2-ні жоғалтты. Оның тек 12,4 ғана шабуылдан жойылса, қалғандары машинадағы ауытқуларға байланысты болды.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"