Рухы мықты әскер – ел қорғаны

Ел тыныштығы, шекара қауіпсіздігі –қазір өткір тұрған мәселе. Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясын реформалау, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру сынды бірқатар тапсырма жүктеді. Біз де өз кезегінде әскердің негізгі діңгегі – идеология, патриоттық тәрбие мәселесі жөнінде ҚР Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының (тәрбие және идеологиялық жұмысы  жөніндегі) орынбасары полковник Әлім Ыбыраевты сөзге тартып көрдік.

–      Сәлеметсізбе, Әлім Абуталипұлы. Әскерді ұстап тұрған – рух. Әскерді жарақтандыруда соңғы үлгідегі әскери техника керек шығар, бірақ рухты әскер бізге қазір екі есе керек. Ел армиясына патриоттық тәрбие беруде қандай кешенді жұмыстар жүргізілуде? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

–      Иә, дұрыс айтасыз. Жігері, рухы мықты жауынгер қай кезде болса да жеңіске жете білген. Біз рухты жауынгерді әскери салада жүрген кезден емес, мектеп қабырғасынан, тіпті мектепке дейінгі білім беруден бастауымыз керек. «Білектің күшімен, найзаның ұшымен» мына ұлан байтақ жерді қорғап қалған кешегі батыр бабаларымыз дала мектебінен тәрбие алып, аңыз-әңгімелерді тыңдап, көкірегі рухқа толы батыр болып өсті. Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қарулы Күштерге келетін болсақ, біз болашақ әскери қызметшіні жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу жөніндегі жұмысты жалғастыруымыз, оны жоғары патриоттық, адамгершілік және рухани қасиеттерімен тәрбиелеу керек» деп атап өтті. Міне, осы бағытта қазіргі таңда мектеп қабырғаларында «Жас сарбаз», «Айбын» сияқты әскери-патриоттық бағыттағы үйірмелер көптеп ашылуда. Үйірмелердің мақсаты, жоғарыда айтқанымыздай, еліміздің рухы мықты жауынгер ұлдарын қалыптастыру. Сонымен қатар, Отан алдындағы борышын атқаруға келген жас сарбаздармен сабақ кестесіне сәйкес мемлекеттік-құқықтық дайындық және тәрбиелік сағаттарда «Казақстандық патриотизм және қазақ батырларының ерліктері –жауынгерлік рухты көтерудің негізі» сияқты тақырыптарында сабақтар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда мектеп, колледждерде, аудандық, облыстық қорғаныс істері жөніндегі бөлім, басқармаларда Ауған, ҚР ҚК ардагерлерінің қатысуымен Отанымыздың қорғаушысы болатын жастармен патриоттық тақырыптарда кездесулер өткізіліп отырады.

 

–      Жалпы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық мәселелермен айналысатын әскери қызметшілердің жұмыс жүйесінің нақты тетігі қалыптасқан ба?

 

–      Қазіргі таңда Қарулы Күштерде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық мәселелерге үлкен көңіл бөлініп келеді. Алдына қойған жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындау үшін сарбаздың тәрбиесі мықты, әлеуметтік жағдайы толық қамтамасыз етілген және құқықтық білімі жоғары болуы тиіс. Сондықтан, аталған бағыттар бойынша бірқатар нақты құжаттар қабылданған және сол бойынша бүгінгі күні әскерде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Нақтырақ айта кетсем, Қарулы Күштерімізде тәрбие, әлеуметтік-құқықтық, психологиялық және идеологиялық жұмыстарды жүргізудің басты құжаты ол – «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамымен тәрбие, әлеуметтік-құқықтық, психологиялық және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығы.

 

–      Әскердің өз заңы, өз тәртібі бар. Әскери қызметшінің моральдық рухын сақтауды қамтамасыз етуде әскери психологтардың рөлі қаншалықты? Олардың қызметіне тоқталып өтсеңіз.

 

–      Иә, әскердің өз заңы, өз тәртібі бар. Ол тәртіп, ол заң – қойылған тапсырманы мүлтіксіз, уақтылы орындау. Міне, осы бұйрықты орындауда жоғары тәртіп, моральдық рухы көтеріңкі болуы тиіс. Сол моральдық рухты психологиялық тұрғыда бірге қалыптастыруда әскерде психолог мамандардың алатын орны, атқаратын қызметі орасан зор. Олай дейтінім, Отан алдындағы борышын атқаруға келген жас сарбаздар мен әскери оқу орнын бітірген жас лейтенанттар әскери ұжымға қалыптасып кетуі мақсатында психологтар тарапынан әскери ортаға бейімделу үшін психологиялық тесттер алынып, тренинг жұмыстары жүргізіледі.

 

–      Өз антына адал болмаған әскери қызметшіге, мерзімді қызметте жүргендерге қандайда бір жаза қолданыла ма?

 

–      Әрине, әскери антын бұзған әскери қызметшіге қатысты әртүрлі жазалар қарастырылған. Соғыс уақытында әскери антын бұзса, қылмыстық жауапкершілікке, ал бейбіт уақытта әскери антын бұзса, ол әкімшілік, тәртіптік жазаларға тартылады.

 

–      Қанжардың екі жүзі болатындай, дін тақырыбы – өте кірпияз тақырып. Сарбаздарға кімдер дәріс беріп жүр? Діни тақырыптарды кімдерге сеніп тапсырып жүрсіздер?

 

–      Қазір әскерде, яғни әскери бөлімдерде, мекемелерде идеологиялық жұмыс және арнайы насихат деген лауазымдар ашылып, олар жеке құрам арасында дәстүрлі емес діни ағымдар кіріп кетпеу мақсатында бірқатар жұмыстар атқаруда. Әрдайым жергілікті Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мамандарының қатысуымен «Кереғар діни ағымдардан сақтанайық», «Діни-рухтық тәрбие туралы» және «Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет» сияқты тақырыптарда әрдайым сабақтар өткізіледі.

 

–      Соңғы сауал. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әскери қызметшілердің тәрбие жүйесінде қандай өзгерістер орын алып, қандай нақты қадамдар жасалуда?

 

–      Елімізде Қарулы Күштеріміздің әскери қызметшілерінің тәрбиесіне қатты көңіл бөлінуде. Олай дейтінім, тәрбиесі жоғары, тәртібі мықты жауынгер кез келген тапсырманы орындай алады. Бүгінгі таңда, әскери қызметшілердің тәрбиесі жүйесінде бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Атап айтсақ, әскери қызметшілердің патриоттық сезімін, құқықтық тәрбиесін көтеруде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының тәрбие және идеологиялық жұмыстары департаменті офицерлері және Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысы басқармасы тәрбие және идеологиялық жұмыстары бас басқармасының офицерлері тарапынан ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінде орналасқан әскери бөлімдердің жеке құрамымен тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда. Сонымен қатар, әскери бөлімдерде тәрбие жұмысын жандандыру бойынша тек тәрбие саласының мамандары ғана емес, барлық санаттағы командирлер жұмыс істеуі үшін «матрица» жүйесі қолға алынып, қазіргі кезде осы бағытта жұмыс жүргізіліп, нәтижесін беруде.

 

–      Сұхбатыңызға рахмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сұхбатты дайындаған Меруерт Сафаева

 



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента