Саланг сарбазы

КСРО мен Қорғаныс министрлігі басшылығының сол уақыттағы шешімімен Кеңес әскерлерінің Ауғанстан халқына достық қолұшын беру мақсатында аталған елдің аумағына енгізілгені тарихтан белгілі. 10 жылдан аса созылған қырғын соғысқа қатысып, интернационалдық борышын өтеген әскерлердің аталған мемлекеттен шығарылғанына  30 жыл толды.

Сол соғыста Кеңестер одағының басқа елдерімен қатар, әскери міндетін ауған жерінде атқаруға шақырылған қазақстандық жастар да ерлік пен қайсарлықтың тамаша үлгісін көрсетті.

1988-1993 жылдар аралығында Целиноград ауылшаруашылық институтында жоғарыда айтылған ұрыс қимылдарына қатысқан, 80-ші жылдардың аяғына қарай Ауғанстанда қалыптасқан ахуалды көздерімен көрген бірнеше азаматпен бірге оқыдым. Бүгін соның бірі – Бегимов Талғат Асқарұлы туралы айтып өтсем деп отырмын.

Ол 1986 жылдың көктемінде Павлодар облысы Қашыр аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылды. Алдында әскери-теңіз флотына дайындалған оны кейін облыстық комиссариатта 20А командасымен қайта жабдықтап, басқалармен бірге Арменияның Ленинакан қаласына аттандырады. Солтүстік Кавказ әскери округының арнайы мақсаттағы бригада сапында 3 айлық оқу-жаттығудан өтеді. Одан соң, өздерін жақсы қырынан көрсеткен 30 жауынгерді Өзбекстанның Термез қаласына жібереді. Сәл кейінірек Термез арқылы ауған жеріндегі Хайратонға келіп түсті. Жергілікті жердің аптап ыстығы 50-55 градус шамасында. Өмірінде ондай ыстық көрмеген солтүстік өңірдің баласына ол дегеніңіз алдында таңсық болып көрінген. Талғатттың Ауғанстанмен танысуы солай басталған еді...

Хайратонда көп бөгемей, «сатып алушы» офицер оларды 700 шақырым қашықтықта жатқан атышулы Саланг асуында орналасқан 278-ші жеке жол-коменданттық бригадаға алып келді.

«Жалпы ауған компаниясында Салангтың алатын орны ерекше еді, өйткені Хайратон-Кабул трассасының бойында жатқандықтан, ол Ауғанстанда стратегиялық маңызды объект ретінде саналды. Осы күре жол арқылы шектеулі континтгенттің мұқтажына арналған техника, қару-жарақ, оқ-дәрі және жалпы ауған халқы үшін қажетті деген КСРО-дан әкелінетін азық-түлік және басқа да материалдық құрал-жабдықтар тасымалданатын», - деп сол күндерді еске алады Талғат Асқарұлы.

278-ші бригаданың басты міндеті – елдің солтүстігі мен оңтүстігін жалғап жатқан, ұзындығы 2800, биіктігі мұхит деңгейінен 3800 метрді құрайтын Саланг асуын басып өтіп, сол жолмен Аши, Даши, Шауль, Джабаль-Уссарадж елді мекендері арқылы өтетін біздің әскери колонналардың және жергілікті халық көліктерінің бөгетсіз өтуін қамтамасыз ету болатын. Сондай-ақ, аталған бригаданың құрамындағы үш ротаның әскери қызметшілері Саланг тоннеліне кіру және шығу жолдарында орналасқан бекеттерге күнделікті жауынгерлік кезекшілікке түсіп, техника мен автокөліктерді қорғау мен оларға еріп жүруге (сопровождение) қатысты.

Сонымен қатар, соғыс жүрген 10 жыл бойы Хайратондағы жинақталған және елдің орталығына тасымалданатын материалдық-техникалық құндылықтарды жақсы қаруланған душмандар басты назарда ұстады, сондықтан да олар үнемі біздерге қауіп төндіретін. Оған қоса асудағы ауа-райының құбылмалылығын, яғни температураның күрт өзгеруін (жаздың өзінде күндіз +25 градусқа дейін жетіп, ал түнде – 5 градусқа дейін төмендейді), үскірік аяз, боранды, жолдағы көктайғақты және тұманның жиі түсетінін айта кету керек. Салангтағы қардың көп жауғандығынан болатын жойқын қар көшкіні автоколоннаның жүруін тежейтін, тіпті жүргізбей қойған кездерді де жиі бақылайтынбыз. Олар көбінесе таудан төмен құлай түсіп, ұзындығы бірнеше километрге созылатын қар үйіндісін құрайды.

«Екі жылға таяу қызмет барысында осындай маңызы бар объектіні қорғау жөніндегі тапсырманы орындай жүріп, көптеген жағдайларды бастан өткердік, осы қысқа сұхбатта оның қайсысына тоқталсам екен», - деп қиналды әңгімелесуші. Ол үшін соның бәрін көру, қасында болу және бастан өткеру қажет. – Бұл сезімдерді тек Ауғанстандағы Кеңестер әскерінің шектеулі контингентін өткен адам ғана түсінетін болар.

Мен үшін мәңгі есте қаларлық оқиға...

Ол Ауғандағы қызмет кезінде қалыптасқан «дембель», яғни туған елге қайтуға асығу десем артық айтқандық болмас еді. Біздің уақытта әскерилер «дембельге» өз мерзімдерінен 3-тен 6 айға дейін асырып барып қайтатын. Мені де жуық арада босататыны туралы ойыма да келмепті...

Ол уақытта мен взвод командирінің орынбасары болып жүріп, жас жауынгерлерді дайындау курстарын өткізетінмін, қысқаша айтқанда жастарды «іске» дайындадым. Биік тау үстінде қызмет атқару – жас жауынгер үшін үлкен сынақ екендігі белгілі, оған 4000 шамасындағы биіктіктегі ауаның жетіспеушілігін қосыңыз. Күрт өзгеретін климат жағдайы 18 жасар жас жеткіншектерден денсаулығының жақсы болуын, төзімділігін және ер жүректілігін қажет ететін...

Түнгі 11-лер шамасында жауынгерлер ұйқыға кеткеннен кейін болды бәрі ойламаған жерден... Кенеттен казармаға замполит кіріп келді де, менің әскер қатарынан босағанымды, енді үйіме қайтатынымды жария етті...

Өзіме-өзім сенбеймін... Үйге оралуға асыққанмын, бірақ кенеттен кідіріп, сілейдім де қалдым... ал менің ізбасарларым қалай, олармен не болмақшы? Атыс көрмеген мына жас бозбалаларды кімге қалдырамын деген ой мазалайды... Украинаның Одессасында туып-өскен Евтушенко Слава екеуімізді Отанымызға аттандыру үшін таңғы 5-те дабылмен батальонды көтерді. Бұл комбаттың біздерге көрсеткен құрметі болатын (қызмет еткен уақыт аралығында мұндайды еске түсіре алмадық). Әдеттегідей, түнгі қатқақ суықтан соң іле сіркіреген жаңбыр жауып, абырой болғанда ешкім де менің көзімнен ытқып шыққан жасты байқай алмай қалды...

Сол заматта көңілім құлазып сала берді, жүрегім қылп етіп, ішімде бірдеңе үзіліп кеткендей болды. Өйткені Ауған халқы, таулары жүрегімде орын алып, ыстық болып кеткен еді... Иә, ол жылдары сол арада соғыс қимылдары жүрді, көз алдымнан қауіп-қатерге толы шайқастар өтті, бірақ та...

Бұл баяндалған оқиға менің өмірімде ұмытылмастай із қалдырды!

Т.Бегимов жоғарыда аталған оқу орнын ойдағыдай аяқтағаннан соң, туған жері Павлодар облысына аттанды. Қашыр, Железинка аудандарында жауапты қызметтерде болды. Қазіргі кезде Павлодар облысы Шарбақты ауданы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын абыроймен атқаруда.

Қызмет барысында өзін ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, аудан халқымен тез тіл табысатын, олардың мұң-мұқтажын ескере алатын басшы ретінде көрсетуде. Бұл да бір ерлікке пара-пар дүние, өйткені болмысынан тұйық, қарапайым, сыпайы азаматтың осындай биіктікті бағындыратынына біздер, достары сендік.

Ауған жерінде бойына сіңірген қайсарлық, батылдық және кездесер қиындыққа мойымау секілді мінездер Талғатты алға жетелей береді!

Досыммен хабарласып, мүмкіндік болғанда кездесуге асығамыз.

 

P.S. Мақалада келтірілген фотосуреттер басты кейіпкердің жеке альбомынан алынды.

                                                                                                                                                                                 Бақберген КЕРЕЙ


Көшірмеге қайта келу
Пікірлер

Жүгіртпе / Лента