Құқық қорғау қызметіне жаңа міндеттер жүктелді

Қазан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгізген болатын. Заң жобасы Қылмыстық-процестік кодекске, «Жедел-iздестiру қызметi туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Олар тұтастай алғанда азаматтардың қылмыстық процесте қорғалу деңгейiн арттыруға және оның жазалау сипатын төмендетуге, адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыруға, қылмыстық істерді тергеу тәртібін жеңілдетуге және қылмыстық процестің үнемді болуын қамтамасыз етуге, сотқа дейiнгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейтуге, сотқа дейінгі тергеу органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктерді нақты ажыратуға және олардың қайталануын болдырмауға бағытталған еді.  

Аса ауыр қылмыс азаюда
Президент ұсынған жаңа заң жобасына байланысты Бас прокурор Жақып Асанов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына қатысты. Онда ол қазіргі кезде қылмыс бойынша статистика ілгерідегідей жалған тіркелмейтінін айтты. «Тергеу органдары бір қылмысты тез ашамыз деп артық кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан бұл заң жобасының басты міндеті осындай заңсыздыққа тосқауыл болу, яғни адамның құқығы мен қылмыспен күрес арасындағы бір теңгерімді ұстап тұру. Әрине, бұл теңгерімді ұстау үшін ішкі ахуалға байланысты қылмыстық заңнамаларға әр мемлекет өзінің өзгерістерін енгізіп тұрады. 1990-жылдары қылмыс өршіп тұрды, сонда біз құқық қорғау органдарын күшейттік. Бұл тұрғыда Елбасы қылмыспен күресті өз қолына алды. Соның нәтижесінде жиырма жыл қатарынан, 1996 жылдан бастап адамға қарсы жасалатын аса ауыр қылмыстар жыл сайын азайып келеді», деді Жақып Асанов құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғыртуға бағыттанған заң жобасы туралы баяндамасында.
Бас прокурор тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздегі колонияларда 105 мың адам отырса, бүгінде бұл көрсеткіш үш есеге азайғанын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда түрмедегі адам саны 35 мыңды құрайды. «Оң өзгерістер болып жатыр, бірақ мұндай жақсы өзгерістерге сенбейтіндер де жоқ емес. Неге? Бұрын тыныш болған сияқты, қазір қылмыс өршіп тұрғандай. Өйткені қазір барлығы ашық, ал бұрындары жабық болатын, яғни халық көп нәрсені білмейтін. Бүгінде бір қылмыс орын алса, интернетте тез тарап, бүкіл ел соны талқылайды. Бұрын ауыр әрі аса ауыр қылмыс жасырылса, құқық қорғау органдарына әрі кетсе сөгіс беретін, ал бүгін ол үшін соттайды. Осы үшін талай әріптестеріміз сотталды. Сондықтан қазақстандықтардың қауіпсіздік жағынан өмірі жыл сайын жақсарып келеді. Осы орайда кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру секілді аса ауыр қылмыстар азайып жатыр», деді Жақып Асанов.

Қамақ уақыты 48 сағатқа қысқарды
Бас прокурордың айтуынша, әр мемлекет өзінің ішкі жағдайына қарап,  таразылап, кезең-кезеңмен заңнамаға өзгерістер енгізіп тұрады. Бүгінгі заң жобасы сондай кезекті қадам. «Оның басты ерекшелігі, Елбасы біздің алдымызға үш мақсатты қойды. Біріншіден, қылмыстық-процестік кодекске қарапайым адамның көзімен қарау. Екіншіден, қылмыстық процесс мемлекет үшін өте қымбат, яғни тергеушілер, прокурорлар, соттар, мыңдаған сараптамалар қамтылған, сондай-ақ атқару мерзімі тым ұзақ әрі күрделі. Президент осыған үнемдеу тұрғысынан қарауды және адамның құқығы бұзылмайтындай тиісті қадамдарды ескеруді жүктеді. Үшіншіден, бұл заң жобасымен құқық қорғау органдарын күшейтпейміз. Оларға ешбір жаңа билік пен құзырет бермейміз, керісінше мойнымызға міндет аламыз әрі жауапкершілігімізді арттырамыз», деп түсіндірді Ж.Асанов.  
Баяндамашы талқыланып отырған құжаттың мазмұны екіге бөлінгенін, біріншісі адамның құқығын күшейтуге бағытталса, екінші бөлігі үнемдеу шараларын қамтып отырғандығын айтты. «Мысалы, қазір тергеу адамды соттан санкция алмай 72 сағатқа қамауға құқылы. Біз осыны зерттеп көрдік. Бұл ретте 48 сағатта үлгеруге мүмкіндік бар екенін анықтадық. Ал егер күдікті 18 жасқа толмаса, онда 24 сағат жеткілікті. Сондықтан біз 72-ден 48 сағатқа дейін азайтуды ұсынып отырмыз. Сонымен қатар тергеу бойынша құқық қорғау органдары жұмыстарын жылдамдатады. Біріншіден, осы 48 сағаттың ішінде тергеуші барлық дәлелді жинап, прокурорға түсіндіруі тиіс. Прокурордың көзі жетсе, сотқа жүгініп, соттың шешімі шығады. Осының барлығы 48 сағаттың ішінде болуы керек. Ал үлгермесе, уақытша ұстау оқшаулағыштың басшысы адамды босатуы тиіс. Егер шығармаса, өзі сотталады», деді Бас прокурор. Дегенмен, 72 сағаттық мерзім кейбір қылмыстар үшін сақталатын болады.

Кәсіпкерді бірден қамау дұрыс емес
Елбасының ескертуіне орай, қай фактімен іс қозғалса, тергеу тек сол бағытта жүретін болады. «Президент бізге: «бір факті бойынша істі бастайсыңдар, кейін дәлел таппайсыңдар, сосын басқа жағын қазбалай бересіңдер» деп айтқан еді. Ол расында да солай. Сондықтан заң жобасы бойынша бұл тәжірибе мүлдем тоқтатылады. Енді қай фактімен іс қозғалса, тек соның аясында тергеу жүргізіледі. Бұл адам құқығын күшейтуге қатысты болып отыр», деді Бас прокурор.  
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Жақып Асанов бизнесті қорғауға негізделген норманы да түсіндіре кетті. «Экономикалық қылмыс тергеліп жатса, тергеу кезінде ешкімді қамамауды ұсынамыз. Бизнес жасап жүрген адамдардың қоғамға, жеке адамға қаупі жоқ. Олар қайта бизнесін жалғастырып, адамдарға жұмыс орындарын сақтап қалады. Бірақ бұл жерде бір ерекше жағдай бар, яғни ол жалған ақша жасау, рейдерлік жасау немесе ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысса, бұл тұрғыда экономикалық қылмыстарды бизнес деп айту қиын. Сондықтан оларды қамауға алу қажет деп есептейміз», деді ол. Сонымен қатар Ж.Асанов тағы бір жаңалыққа тоқталды. «Мысалы, бүгінде құқық қорғау органы қызметкерінің рапорты негізінде қылмыстық іс басталып кетеді. Әрине, бұл дұрыс емес. Енді бұл заң жобасына тиісті түзету енгіздік, ондай қылмысты қозғау үшін ең алдымен, аудиттің, ревизияның ресми актісі керек және ол актіде келтірілген залал мен оның мөлшері Қылмыстық кодекске сай болуы тиіс», деді Бас прокурор.
Талқылаудан кейін палата депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"