Сапарғали Жағыпаров: "Қиыншылығы мен қызығы мол сол жылдар"


Әскери баспасөз зерттеуші ғалымдардың пайымынша, 1929 жылдың 7-ші қарашасында жарық көрген «Қызыл әскер» (Боевое знамя) газеті – біздің газетіміздің түп-тамыры.
Кейіндері «Боевое знамя», «Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана», «Сарбаз»  деп бірнеше рет атауын өзгерткен басылымымызда талай жанның қолтаңбасы қалды, еңбектері де сіңді. Күні бүгінге дейін қарым-қатынасымызды үзбеген сол кісілермен кейде кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, сыр шертісіп қаламыз. Мерейтой қарсаңында бір топ қаламгерлермен жүздесіп, олардың уәждерін, естеліктерін тыңдаған едік. Айтары бар ардагерлердің айтқандарын сіздерге газетіміздің бүгінгі нөмірінен бастап ұсынғанды жөн көрдік.
Сонымен...

Сапар ЖАҒЫПАРОВ:

«ҚИЫНШЫЛЫҒЫ МЕН ҚЫЗЫҒЫ МОЛ СОЛ ЖЫЛДАР»

 

Қазақ «ескіні есіңе алмай, жаңа жадыңа түспейді» демей ме?!

Сексенінші жылдары мен Мәскеуден Ленин атындағы Әскери-саяси академиясын бітіріп, Алматыдағы Орта Азия әскери округінің «Боевое знамя» газетіне тілші ретінде келдім. Ол жастық шақтың бір ғажайып кезеңі еді. «Кең пейілді кем болмас» дегендей, ұжым жақсы қарсы алды. Бірақ редакция газетінің басшыларында «Мына қазақтың жігіті қандай журналист екен? деген ой бірінші тұрды. Содан мені бірден іссапарға Қырғыз жеріндегі Кеңес Одағының Батыры генерал Панфилов атындағы дивизияға жіберді. Ол кезде Орта Азия әскери округінің бөлімдері Қазақстаннан басқа Қырғызстан, Тәжікстан республикаларында орналасқан болатын.

«Жығылсаң нардан жығыл» демекші, алғашқы қадамнан ойдағыдай өтіп, тапсырманы орындадым. Күндердің күнінде тағы да жаңа тапсырмалар берілді. Тәжік жеріне де барып қайттым. Біздің әскери бөлімдердің сарбаздарымен кездесіп, мақала, очерк жазып, редактордың көңілінен шықтым. Біздің редакторымыз Владимир Чекалин еді. Мен насихат бөлімінің тілшісімін. Бұдан өзге 7-8 бөлім болды. Редакция 50 шақты журналисі бар үлкен ұжым болатын. Мақала жазылып, газет қатталып, ертеңінде шығысымен кезекші оған талдау жасайтын. Сол кезде редакторым «мына қазақтың жігіті жақсы жазады екен» деп мені бағалады. Мақаланың жақсы, жаманын сұрыптайтын екі тақтаның көбінесе жақсысынан орын бұйыратын.

Ылғи іссапарда жүретінмін. Бәрімен тіл табыстым. Көрген-білгенімді қағазға түсіретінмін. Кемшілікті де көрсетіп жазатын едім.

Әлі есімде, Қапшағай жерінде әскери ортада өзің «керемет» санайтын бір офицер болды. Әріптестерімен қарым-қатынасы да дұрыс емес. Сол жөніндегі хат бізге келісімен бас редактор онымен кездесіп, мән-жайды білуді маған тапсырды. Бардым, кездестім. Шені майор екен. Ол кісімен де, айналасыңдағы адамдармен де жүздестім. Сөйтіп екі тараппен де сөйлесіп, мәлімет жинап, қайттым. Түнде жазып, жазбам ертеңінде газетке шықты. Ол кезде біздің газет арқылы көптеген кемшіліктер белгілі болып, ол мәселе әскери жиында талқыланатын. Сын естісе керек, әлгі менің кейіпкерім редакцияға келіп тұр. Жай келмей, шу шығарды.

«Мені дұрыс жазбаған, мен сіздермен соттасамын» деп. «Соттассақ, соттасайық. Сіз бен әріптестеріңіздің айтқанында көптеген айырмашылық бар. Мен қайта жинаған мәліметтерімнің 100 пайызының 50 пайызын ғана мақаламда келтірдім» деп айтып ем, көңілі кәдімгідей түсіп қалды. Одан менімен тіл табысуға көшті. «Мүмкін сізбен бір жерде отырармыз» деп жылы сөйлей бастағанмен, «ондай практика жоқ бізде. Болмайды» деп кесіп сөйледім. Ақырында бәрін мойындап, «өзімнің қателігімді түзеуге тырысамын» деп кері қайтты. «Ақ жол» деп біз қалдық.

Жалыңды жастық шақта осылай тілші болып тәжірибе жинақтадым. Әріптестерім Львов жоғары саяси училищесінің журналистика факультетінің түлектері, Ленин атындағы әскери академиясының редакторлық бөлімін бітірген офицерлер болды. Тәжірибесі мол адамдармен қызмет жасадым. «Жауынгерлік әзірлік», «Насихат», «Мәдениет», «Партия», «Комсомол», «Хабар», «Хаттар» және «Әуе қорғанысы күштері» деген бөлімдер болды. Әр бөлімнің бір бастығы мен төрт тілшісі болды. Тілшіліктен бастап бөлім бастығына дейін көтерілдім. Журналистер кеңесінде бюро хатшысы болдым. Әзілхан Нұршайықов, Сағынғали Сейітов сияқты танымал тұлғалармен осында таныстым. Орта Азия округі қолбасшысының орынбасары генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовпен де бірге сапарлас болдым. Талай мәрте ол кісінің жүзі жылы қарапайым адам екеніне көзім жеткен адаммын.

Кейін Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанды. Сол мезетте елге қайтамын деп бас редакторға рапорт жаздым. Бірақ мені Сібір әскери округіне Новосибирск қаласына жіберді. Ол жерде де дамыл таппай, сұрана бердім. «Өз еліме барамын, мамандар жетіспейді, еліме қызмет етемін» деп қоймадым. Ақыры не керек, ол жерден Алматыға «Қазақстан сарбазы» газетінің редакциясына ауысып келдім. Сөйтіп Отаныма оралдым.

Бұрын үлкен газеттерде қызмет етіп қалған басым бұл жерге келгенде біраз мәселеге тап болдым. Редакциядағы адамдар санаулы, штат аз. Сол олқылықтың орнын толтырамын деп, өзім білетін бұрынғы әріптестерімнің бірталайына қолқа салдым. II рангали капитан Шамиль Хайруллин, Борис Грибачин, Владимир Кулгузин сияқты тәжірибелі адамдарды газет ісіне тарттық. Олар шамалы қызмет еткен соң қалаулары елдеріңе қайту болды.

Біз оларды тоқтала алмадық, жолдарың болсын деп шығарып салдық.

Арамыздан кетем дегендерді ұстамадық. Гүлмира Тойболдина деген қарындасымызбен де қызмет еттік. Олардың бәріне рахмет. Көбісімен әлі де қарым-қатынасым үзілген жоқ.

Қалғандары бар, жаңадан қосылғаны бар, бәріміз бірлесіп «бір терінің пұшпағын бірге иледік». Газет екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде шықты.

Оны жас офицерлер – Әл-Фараби атындағы қазақ университетін бітіріп келген Сәндібай Күмісбеков, Алтынбай Дәуренбеков, Құдайберген Медимановтар маңдай терлерімен шығарды. Кейін Мұхарбек Махамбетті өзім қызметке шақырдым. Бәрі әскери бөлімдерге барып, оқу-жаттығу жиындарға қатысып, көрген-білгенін мақалаларыңда өрбітіп, жазатын-ды.

Одан бөлек газеттердің уақытында межелі жеріне жеткізуде көп септіктерін тигізген Марат Нұрсейітов, Совет Сейітов (орынбасарым еді) деген азаматтар болды. Мұндай жұмысқа Құдайберген Медимановтың да ебі бар болатын. Марқұмға бір тапсырма берсең, жауапкершілікпен орындайтын. «Аға газет орында, бәрі дұрыс» деп гарнизондарға газетті уақытылы жеткізіп, хабар беріп тұрушы еді...

Иә, сол бір жылдар жастық шағымның, ағалық кезеңдерімнің кезеңі еді. Жай тілшіліктен бастап бас редакторлыққа дейін өсіп, өмір сатысын бастан өткердім. Сол кездегі журналистерінің адал істері ұмытылған жоқ, жалғасы бүгін «Сарбаз» редакциясының ұжымында. Әріптестеріме қаламгер ағаларыңның есімдерін ардақ тұтып, шығармашылық жолында оларды үлгі етіңіздер деймін. Осы газеттердің заңды ізбасары «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналының оқырмандары көп болсын!              

 

Жазып алған Рима ӘБЕУОВА

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"