Алаш армиясы аспанда да айбарлы

Газетіміздің өткен санында 19132 әскери бөлімі жайында аталған бөлімнің командирі полковник Марал Кәрімовпен болған сұхбатты жариялаған болатынбыз. Бүгін сол әскери бөлімнің бір күндік өмірі мен ұшу жаттығулары жайында арнайы репортажымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ұшқан құстың қанаты талатын алаш аспанынның қауіпсіздігін ҚР Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері қадағалайды. Ол өз ішінде Әскери-әуе күштері, Әуе шабуылынан қорғаныс әскері, Әуе қозғалысын бақылау орталығы болып бөлінеді. Осылардың ішінде Әскери-әуе күштеріне қарасты 19132 әскери бөліміне жүктелген міндет ауқымды.

Ұшуға әзірлік
Біз алдын-ала келісілген уақытта әскери бөлімнің алдында болдық. Қаруланған күзет, темірдей тәртіп. Кіреберістегі толық тексеруден өткеннен кейін әскери бөлімнің ішіне ендік. Осы жерден бізді подполковник Бекболат Жұмабаев күтіп алды. Бұл уақытта ұшу құрамы ұшу алды әзірлікті бастау үшін сапқа тұрып, бөлім командирінің командасын күтіп тұр екен. «Полковник мырза! 19132 әскери бөлімі әскери-көлік авиациясының ұшу құрамы сапқа тұрғызылды» – деді ұшу қауіпсіздігі жөніндегі командир орынбасары подполковник Қарақатов. Осыдан кейін бөлім командирінің тапсырмасымен бүгінгі ұшу құрамы ұшу алды әзірлікті бастап кетті.
Мұнда оқу-жаттығу сапарлары, күніне 2 ұшу ауысымын есептегенде аптасына 3 рет жүргізіледі екен. Бүгінгі жаттығу да 2 ұшу ауысымынан яғни, күндізгі және түнгі ұшулардан тұрады. Ол үшін ұшқыштар алдымен толық тексеруден өтулері керек. Подполковник Бекболат Жұмабаев өзі қасымызда жүріп, әскери бөлімнің әрбір жұмысымен таныстырып шықты. Осы орайда айта кеткен жөн, подполковник Жұмабаев әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады.
Біздің алғаш бас сұққан орнымыз – медициналық бөлме. Ұшқытқар тексеруден өтуді дәл осы бөлмеден бастайды. Мұнда дәрігерлер ұшқыштардың ұшар алдында және қонғаннан кейінгі денсаулығын үнемі мұқият бақылап отырады. Олардың қан қысымы, тәбеті, дұрыс ұйықтауы, тіпті көңіл-күйіне дейін маңызды болып есептеледі. Бүгін де  медицина қызметкері лейтенант Айзат Молдақасымова ұшқыштардың ұшар алдындағы қан қысымын өлшеп шықты. «Егер ұшқыштардың денсаулығына қатысты қандайда бір шағымдары болса, оларды емдеу бөлмесінде қайта тексеруден өткіземіз. Ондай жағдайда ұшқыш ұшу алаңына жіберілмейді немесе оның орнына басқа ұшқыш ұшады», – дейді дәрігер. Бүгін ешқандай ұшқыш денсаулығына қатысты шағым айтқан жоқ. Сондықтан барлығына да ұшу алаңына шығуға рұқсат берілді.
Бұдан кейін психологтың тексеруінен өтеді. Осы тексерулерден кейін ұшақтар мен тікұшақтарды сыртқа шығарып, шамамен 30-45 минуттай оталдырып, ұшуға дайындайды екен.
Осыншама процестің барлығынан өткенше күн төбеге келіп, түскі ас ішетін уақыт болды.
Тағы бір айта кетерлік жайт, әскери бөлімде үнемі жауынгерлік баптан таймау мақсатында, базада тылдық және аэродромдық қамтамасыз ету жағы лайықты қарастырылған. Тылдық қамтамасыз етуге материалдық-техникалық құралдарды жоспарлау, сатып алу, сақтау, көлікте тасымалдау мәселелері жатса, аэродромдық қызметте, ұшу алаңын жоғары дәрежеде күтіп ұстау, ұшу тобын басқару, авиациялық эскадрилья (ұшу құрамы) және авиациялық техниканы ұшуға дайындайтын инженерлік-техникалық құрам қамтылған. Ұшуды басқару тобы қозғалтқыш от алып, көкке көтерілгеннен бастап, қонып, сөнгенше әуе кемесін бақылауда ұстайды. Одан әрі әуе кемесін техникалық құрам қолға алып, жан-жақты тексеруден өткізеді. Тәжірибелік дағдыларды жетілдіріп, жауынгерлік әзірлікті бабында ұстау үшін авиациялық эскадрилья ұдайы әуе жаттығуларымен шұғылданып тұрады.
Ұшқыштар әр аптаға шақталған тапсырмалар тізімін дүйсенбілік жиналыс барысында алады. Ұшулар бойынша жалпы мақсаттардан тыс, әр ұшу сапарына қатысты жеке міндеттемелер жүктеледі. Ол үшін ұшқыштар ұшу алды нұсқаулар мен ұшу жағдайына байланысты шешімге құлақ түреді.
Міне, осылардың барлығын орындағаннан кейін ұшқыштар жоспарланған уақытта аспанға қалықтай бастайды.
«Біздерде мынадай бар, мынадай бар»
Жоғарыда айтылған процестер жүріп жатқанда подполковник Бекболат Жұмабаев әскери бөлімдегі метрологиялық бөлімнің және диспечерлік бөлімнің жұмыстарымен таныстырып шықты. Сондай-ақ, біршама ұшақтар мен тікұшақтарды көрсетіп, олардың мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Байқауымызша 19132 әскери бөлімі соңғы үлгідегі ұшақтармен және тікұшақтармен мейлінше жабдықталған екен. Бірақ, олардың көбісін әскери құпия ретінде ұстап, көпшілікке жария ете бермейді. Дегенмен әуе базасында техника түрлері көп. Мәселен, Ми-171 тікұшағы Ми-8 үлгісіндегі тікұшақтардың соңғы модификацияларының бірінен құралған. Тікұшақтың жоғары ұшу техникалық сипаттамалары және қауіпсіздік деңгейі бар. Заманауи қондырғылармен және жаңа үлгідегі жүйелермен жабдықталған. Пайдалануда және қызмет көрсетуде қарапайым. Цельсия бойынша -50-ден +50 градусқа дейінгі температура мен жағдайдың кең диапазонында қолдану мүмкіндігіне, беріктілікке және көп функционалдылыққа ие. Десанттық-көліктік тапсырмаларды орындаудан басқа тікұшақтың аталмыш үлгісі құрлықтағы бөлімшелерді ұстап тұру, яғни, қарсыластың жанды күшін, броньды техниканы, бекітілген атыс нүктелері мен өзге де жылжымалы және жылжымайтын нысаналарды жою, десантты атыспен қолдау, әскери лектерді алып жүру, патрульдеу, іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу үшін арналған.
Ал, мынау көпшіліктің көктен көріп жүрген Eurocopter тікұшақтары. Еуропалық стандарттарға сай құрастырылған отандық тікұшақтың артықшылығы көп дейді ұшқыштар. Өз санатының үздігі саналатын бұл тікұшақ автоматтандырылған. Яғни, көптеген жұмысты ұшу аппаратының өзі атқарады. Өте епті әрі өте жеңіл құрастырылған тікұшақ ауа райының қолайлы кезінде бес мың метр биіктікке дейін көтеріле алады. Және сағатына 280 км жылдамдықпен самғайды. Сондай-ақ, бұл да -50 мен +50 градус аралығындағы кез-келген ауа райы кезінде еш ақаусыз ұша алады. Бүгінгі жаттығу Ми-17, Eurocopter тікұшақтары және Ан-26 ұшағымен өтуде.
Ұшу жаттығулары
Ұшқыштар күндізгі және түнгі ұшу тәсілдерінде дайындық жасайтындығын сөз басында айтқан болатынбыз. Сол ұшу жаттығуды алғаш болып Eurocopter тікұшағы бастады. Араға сәл уақыт салып Ми-17 тікұшағы көкке көтерілді. Тікұшақтардың екпіні тынық күнді алай-дүлей қылып, ақ ұлпа қарды аспанға көтеріп жатты.
Ұшу уақыты шамамен екі сағаттай уақытты алады. Ұшқыштар әуеде берілген тапсырманы қалай орындап жүр, қандай жылдамдықпен жерден көтерілді, қандай жылдамдықпен әуеде бұрылыс жасады, қонуға ыңғайлануы, қонар алдындағы жылдамдығы, қалай тоқтағанға дейінгі әр сәті жіті бақылауда болады. Осы талаптардың барлығын көрсетілген ережеге сай орындау керек. Оны еш өзгертуге болмайды. Себебі, әскери тәртіп сондай.
Күн ұясына батып, көз байланар сәт келгенде екінші ауысым, яғни түнгі ұшу жаттығулары басталады. Ол күндізгі жатығуларға қарағанда біраз күрделілеу дейді ұшқыштар.
Қас қарая біз де әскери бөлімнен шықтық. Осы кезде түнгі аспанды жаңғыртып ұшақтар мен тікұшақтар да бірінен соң бірі көкке көтеріліп бара жатты.
***
Мана Ми-17 тікұшағы көкке көтерілер алдында аға ұшқыш, экипож командирі Едігеев Мақсат Жаңбырбайұлын сөзге тартып, біршама әңгімелескен едім. Ескерте кетерлігі, ұшқыштар ұшар алдында ешқашан суретке түспейді екен.
«Мен 2011 жылы Ақтөбедегі екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын аяқтағаннан кейін осы 19132 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша әскери қызмет жасаудамын. Бұл бөлімге келгелі институтта алған теориялық білімімді практикалық тұрғыда іске асырып жатырмын.
Сонымен қатар, көптеген жетістіктерге жеттім деп айта аламын. Алғаш келген кезде Ми-17 тікұшағымен танысып, көкке көтерілуді үйренсем, 2016 жылдан бері Ми-171 жаңа тікұшақтар келіп, жаңа техниканың артықшылықтарын оқып, оны басқаруды үйрендім. Бұлардан бөлек Ми-8, Ми-17, Ми-171 секілді тікұшақтарында ұшуды меңгердім» – дейді Мақсат.
Кез келген саланың өзіне тән қиындықтары болатынын айтқан Мақсат, ұшқыш болудың басты қиындығы ол – жауапкершілік дейді.
«Біз ашық күні де, күрделі метеорологиялық жағдайда да, яғни, бұлтты күндері де ұшуларды пысықтаймыз. Ұшу жерден қарағанда ғана еш қиындықсыз, қарапайым болып көрінеді. Алайда, биіктікте әртүрлі ауа қысымын, күшті желді және бұлттың төменгі шекарасын ескеру керек. Егер қону кезінде ұшақты дұрыс игере алмай қалсаң желдің қатты екпіні ұшақты құлатуы мүмкін. Бірақ, біздің әуе кемелеріміз кез келген метеожағдайларда, жылдың кез келген уақыты мен тәулігінде ұшуға арналған. Ең бастысы – дайындығы мығым экипаж болуы тиіс.
Ұшақта болсын тікұшақта болсын ешқашан жалғыз болмайсың. Кем дегенде қасыңда үш экипаж мүшесі болады. Олардың өмірі үшін де жауаптысың. Сол үшін үнемі жаттығу жасап, қашанда қалыптан шықпай, біліктілікті арттыра түсу керек», – дейді экипож командирі.
Мен сөйлескен жас ұшқыштардың барлығы дерлік Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының түлектері екен. Бүгінде екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты Орталық Азиядағы бірегей әскери оқу орны болып саналады. Әскери институттың оқу-жаттығу ұшулары еліміздегі Әскери-әуе күштері үшін жоғарғы білікті кадрларды даярлау бағдарламасының бір бөлігі деп айтуға болады. Аталған оқу орны армия, майдандық және әскери-көліктік авиацияның ұшу құрамын даярлауды іске асырады. Әскери оқу орнының түлектері жыл сайын Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын толықтырып келеді.
19132 әскери бөліміне – 20 жыл
Биыл 10 ақпанда 19132 әскери бөліміне 20 жыл толады. Бас қала Алатаудың етегінен арқаның төсіне көшірілген уақытта дәл осы нысанның іргетасын қалауға деген мұқтаждық айқын аңғарылған еді. Сол уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің дерективасы негізінде 19132 әскери бөлімінің іргесі қаланды. Негізі 1998 жылдың 10 ақпанында Астанаға алғашқы әскери тікұшақ келіп қонған болатын. Сол себепті осы күн бөлімнің құрылған күні деп бекітілген.
Әуе қорғанысы күші, оның ішінде авиацияның күші жыл өткен сайын артып келеді. Алпауыт елдердің ұшқыштары тақымдаған соңғы үлгідегі озық техникаларға біздің ұшқыштардың да қолы жеткен. Олардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға да барлық жағдай жасалған. Енді олардан талап етілетіні тынымсыз еңбек пен жатпай-тұрмай жаттығу ғана.
Әр жыл сайынғы әскери парад барысында Астана авиабазасының жеке құрамы асқан шеберлік үлгісін танытып жүр. Жауынгерлік ұрыс ұшақтарымен тікұшақтар экипождары жұптық және топтық құрамда 200 метрден 500 метрге дейінгі биіктікте ұшу арқылы жоғарғы қолбасшылық тарапынан жоғары бағаға ие болып келеді.  
Жалпы айтқанда, 19132 әскери бөлімінің жеке құрамы Қорғаныс министрлігінің басшылығы жүктеген міндетті абыроймен атқарып келеді. Алаш армиясы аспанда да айбарлы екенінің бір ғана дәлелі бұл.
Олжас СӘНДІБЕК
Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕН


Капитан Еркін Жанғазиев,
19132 әскери бөлімі метрологиялық қызметінің инжинер синоптигі:
–    Әскери-әуе күштеріне қарасты 19132 әскери бөліміндегі метрологиялық бөлімнің негізгі жұмыстарының бірі – бүгінгідей әуе жаттығулары кезінде метрологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Және ұшу жаттығуына дейін  синоптикалық карталармен жұмыс жасау арқылы аумақтағы ауа райын болжап, қалыпты метрологиялық жағдай ма, күрделі ме, әлде қарапайым түрі ме, соны анықтап, басшылыққа және ұшқыштарға баяндаймыз. Ал, ұшу жаттығулары кезінде бөлмедегі түрлі метрологиялық құрылғылар арқылы желдің қай бағыттан және қанша жылдамдықпен соғып тұрғанын, ауаның қысымын бақылап ұшу басқару тобына ескертіп отырамыз.
Мойор Руслан Үсенбеков:
–    Біздің бұл жердегі міндетіміз – әуе айлағындағы ұшақтарды бақылап отыру және басқару. Эипаждарға ұшуға және қонуға рұқсат осы жерден беріледі. Өздеріңіз көріп отырғандай алдымыздағы мына бақылау маниторлары арқылы ұшақтың биіктігін, жылдамдығын бақылап отырамыз. Сонымен қатар, тұманды, қолайсыз ауа райы кезінде бағыт-бағдар береміз.
Біздің әуе айлақтың ең маңыздылығы және ерекшелігі – азаматтық авиациямен де тығыз байланыста болуымыз. Қазіргі уақытта әуедегі ұшақтар мен тікұшақтарды біз де,  азаматтық авация да мүқият қарап отыр. Егер, әуеде оқыс оқиға орын алғандай жағдай болса, бірінші болып және жылдам түрде көмек көрсетуге біздің әскери бөлім үнемі дайын тұрады.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"